Петропавлдағы Пестрое көлінде 64 жастағы ер адам суға батып кетті. Мәйіт сот-медициналық сараптамаға жіберілді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Дағдарыс жағдайлары орталығы басқармасы бастығының міндетін уақытша атқарушы Асқар Исмағұлов жедел-құтқару жасағының қызметкерлері іздестіруді жүргізгенін хабарлады.
— Белгісіз жағдайда жоғалып кеткен ер адамды іздестіру жұмыстары таңғы сағат 5:50-ден бастап жүргізілді. Сағат 10:00-де сүңгуірлер 64 жастағы азаматтың денесін шомылуға рұқсат етілмеген жерден тауып, судан шығарды. Сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Жағдайдың мән-жайы анықталуда, — деді Асқар Исмағұлов.
Өткен аптада облыс бойынша 30 оқыс оқиға тіркелді. Өзен-көлдерде суға батқан 3 адам құтқарылды. Газдан уланған 11 солтүстікқазақстандық ауруханаға түсті. 7 өрт оқиғасы тіркелді, оның екеуі тұрғын үйде шыққан. 4 жағдайда өрттің шығуына электр сымдарының қысқа тұйықталуы, екеуінде — жылыту пешін орнату кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу және біреуінде — балалардың тентектігі себеп болған.