Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы шекара маңы ынтымақтастығы аясында Түмен облысының делегациясы СҚО-ға келді. СҚО кәсіпкерлер палатасының алаңында екі өңір кәсіпкерлерінің бизнес-кездесуі ұйымдастырылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Түмен делегациясының құрамында құрылыс пен ТҮКШ сласындағы 17 жетекші кәсіпорнының өкілдері бар. СҚО кәсіпкерлер палатасының директоры Әлібек Әшметов меймандарды қарсы алып, Солтүстік Қазақстан және Түмен облыстарының көптеген бағыттар бойынша ынтымақтастық үшін жақсы мүмкіндіктері бар екенін атап өтті.
— Таяудағы Түменге сапарымыз біздің өңірлердің бизнесінде машина жасау, құрылыс және сәулет, ағаш өңдеу, тамақ өнеркәсібі және тағы басқа салаларда өзара тиімді ынтымақтастық үшін жақсы мүмкіндіктер бар екенін көрсетті. 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында СҚО-да өнеркәсіп 1,8% — ға өсті. Бизнесті дамытуға салынған инвестициялар 7,1% — ға артты. Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен сыртқы сауда айналымы 0,7% — ға өсті. Оның ішінде Ресейге экспорт үлесі 98% – ды құрады, немесе сіздердің валюталарңыз бойынша ақша аударымында бұл шамамен 12 млрд. рубльді, ал Ресейден импорт – 97% — ды немесе 11,5 млрд. рубльді құрады, — деп атап өтті Әлібек Әшметов.
Түмен облысының сауда-өнеркәсіп палатасының вице-президенті Юлия Шакурская өз сөзінде мұндай бизнес-кездесулер екі елдің экономикасының дамуына оң серпін беретінін атап өтті.
— Шынында да, бұл біздің қарымта сапарымыз. Көктемде біз Түмен облысының аумағында СҚО кәсіпкерлерінің делегациясын қарсы алдық. Кездесу өте тиімді болғанын білемін, өйткені сіздердің сапарларыңыздан кейін бірден біздің кәсіпорындарымыз Солтүстік Қазақстан облысындағы әріптестерімен экспорттық келісімшарттар жасасты. Бұл жолы біз құрылыс индустриясының кәсіпорындарын әкелдік, өйткені өткен кездесудің қорытындысы бойынша сіздердің тараптарыңыздан құрылыс материалдарына үлкен сұраныс бар екенін көрдік. Сондай-ақ, делегация құрамында мұнай сервистік компанияларының, машина жасау зауыттарының және басқа да салалардың өкілдері бар, — деп жалғастырды Юлия Шакурская.
Бизнес-кездесу барысында шекаралас екі өңір арасындағы сауда-экономикалық өзара іс-қимылдың басым бағыттары қаралды, сондай-ақ СҚО кәсіпкерлер палатасы мен Түмен облысының сауда-өнеркәсіп палатасы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.