Мамлют ауданы Новомихайловка ауылындағы «Арай» шағын орталығы азық-түлік бағасының күрт қымбаттауына байланысты бүлдіршіндерді тамақтандыра алмай отыр. Мәселе бір жақты етілмесе, мекеменің жұмыс кестесін екі есе қысқартылуы мүмкін, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Орталықтың азық-түлік қоры бітуге таяу. Ауыл тұрғыны Ольга Комиссарованың айтуынша, бірер күн бұрын ата-аналарға балаларға беретін тамақтың жоқтығынан шағын орталықтың тек түске дейін ғана жұмыс істейтінін айтқан.
-Балаларымызды қайда жібереміз. Бәріміз кешке дейін жұмыстамыз. Ал жұмысты тастасам, орнымнан айырыламын. Күйеуімнің еңбекақысы отбасыны асырауға жетпейді. Бұл тек менің басымдағы ғана жағдай емес, — дейді ауыл тұрғыны.
Мұндай проблема наурыз айында басталған. Тауарды жеткізуге тиіс жергілікті кәсіпкер мекемемен бір жылға келісім жасалғанымен, міндеттемесін орындаудан бас тартқан. Азық-түліктің күрт қымбаттауына байланысты ол енді пайда емес, шығын көріп отыр.
Қазіргі таңда «Арай» шағын орталығына түрлі жастағы 18 бүлдіршін барады. Ай сайынғы төлем – 14 мың теңге. Мәселені шешудің бір жолы – төлемақыны өсіру. Мамлют аудандық білім бөлімі мамандары да проблемаға қанық. Оны жақын арада шешу үшін азық-түлікті жеткізушімен қосымша келісімшарт жасалмақ. Оған дейін жергілікті «Новомихайловское-2003» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бүлдіршіндерді тамақтандыруды өз мойнына алды.