Петропавлдағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының пайдалану мерзімі 2024 жылы аяқталады. Алайда қазіргі жағдайына байланысты әрі қарай жұмысын жалғастыруы екіталай, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыстық экология департаментінің басшысы Азамат Бектасов қалаға барлық талаптарға сәйкес келетін жаңа заманауи полигон қажет деп санайды.
— Көктемде полигонда тексеріс жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, бірқатар бұзушылықтар анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды, кемшіліктерді жою бойынша нұсқама берілді. Олқылықтар жойылғанша,полигонның қызметін тоқтата тұру мәселесі қарастырылуда. Негізі, полигонның 2024 жылға дейін жұмыс істеуге рұқсаты бар. Қоқыс тастау орны экологиялық, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға да сәйкес келмейді. Жаңа полигон салу үшін учаске іздеу керек, — деді Азамат Бектасов.
Шаховское ауылының маңында орналасқан полигонның жобалық қуаты 1,4 млн. тоннаны құрайды. Биылғы жылдың мамыр айында жинақталған қалдықтардың көлемі 1,2 млн. тоннадан асты. Полигон 85% — ға толған. Жыл сайын оған орташа есеппен 53 мың тонна, күніне орта есеппен 150 тонна қоқыс төгіледі.