СҚО-да қызметтік-іздестіру иттерінің көмегімен 400-ден астам қылмыс ашылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Қызметтік-іздестіру иттерінің көмегімен ашылған қылмыстардың басым бөлігі – ұрлық. Есірткімен заңсыз айналысудың 30 фактісі анықталды. Заңсыз айналымнан 187 кг-нан астам түрлі есірткі тәркіленді. Оның ішінде 186 кг марихуана, қалғандары – синтетикалық есірткі мен гашиш.
Қоса кетсек, СҚО ПД кинологиялық қызмет орталығында 6 ит бар. Полиция аға лейтенанты Болат Бекмағамбетов үйретіп жүрген бес жылдық тәжірибесі бар Белла лақап атты лабрадор биыл жұмыс барысында бірнеше рет көзге түскен. Мамыр айында, түнде Хименко көшесінде есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі жедел уәкілдердің назарына қала тұрғындарының бірі іліккен. Жедел-іздестіру шаралары барысында ит оның үйінен 0,7 грамм синтетикалық «тұз» тапқан.
СҚО ПД кинологиялық қызмет орталығының бастығы полиция майоры Самат Төлебаев із кесу жұмыстарына 5 ит үйретілгенін, үшеуі жарылғыш заттарды іздеумен айналысатынын айтты. Тағы үшеуі одорология (қылмыс орнынан иіс іздерін табу және алу) желісі бойынша зертхана жағдайында қызмет етуге дайындалған.
Айта кететіні, солтүстікқазақстандық полиция бөліністерінде 50 қызметтік-іздестіру иті бар. СҚО ПД кинологиялық қызмет орталығының базасында – 24 ит, Петропавл қалалық ПБ – 5, ал қалғандары аудандық полиция бөлімдерінде.