СҚО-дағы емдеу мекемелеріне биыл 40-қа жуық дәрігер келсе, солардың 23-і 1,5 және 2,5 млн. теңге көтермеақы алды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өңірдің медициналық мекемелері жыл басынан бері 38 маманды қабылдады. Олардың арасында жоғары оқу орнының биылғы түлектері де бар.
-Өңірге келген 38 дәрігердің 15-і көтермеақы алу үшін құжаттарын реттеп жатыр, қалған 23-іне төлем жасалды. Сонымен қатар, олардың пәтерақыларының 50 пайызы төленеді. Оңтүстік өңірлерден келгендер көші-қон бағдарламасына да қатысу мүмкіндігіне ие. Ал елді мекендерге баратын дәрігерлер «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы арқылы бөлек көтермеақы ала алады, — дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Гүлнәр Қалиева.
Өңірде қазіргі уақытта 300-ге жуық дәрігер жетіспейді. Негізінен емдеу мекемелеріне терапевт, хирург, акшуер-гинеколог және реанимотолог кадрлары керек. Бұл мәселені шешу үшін жергілікті биліктің қолдауымен резидентурада мамандар даярланып жатыр. Олардың 58-і жыл соңына дейін оқуын аяқтап, жұмысқа кіріспек.