СҚО-да жыл басынан бері 119 адамға энтеробиоз диагнозы қойылды, ауырғандардың 90 пайыздан астамы – 14 жасқа дейінгі балалар, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, энтеробиозды лас қол ауруы деп те атайды. Ол – әлемде кең таралған паразиттік дерттердің бірі. Энтеробиоздың қоздырғыштары – адамның ішектерінде пайда болатын ақ гельминт-құрттар.
-Энтеробиоз балалардағы бірқатар соматикалық аурулардың жиі пайда болуына және созылмалы патологияның өршуіне ықпал етеді. Паразиттік ауру балалар мен ересектерден тарайды. Құрт жұмыртқалары дезинфекциялық заттарға өте төзімді. Төсек-орындарда, ойыншықтарда, кілемдерде, ванна бөлмелері мен дәретханаларда 25 күнге дейін өмір сүруі мүмкін. Инфекция жұқтырғаннан кейін оның белгілері 12-14 күн ішінде пайда болады, – дейді департаменттің инфекциялық және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Салтанат Бекқожина.
Маманның айтуынша, энтеробиозбен ауыратын баланың денесі қышып, түнде ұйқысы бұзылады. Перианальды аймақты қарау кезінде терінің қызаруы, тітіркенуі және тырналуы, кейде экзема және суланғыш дерматит болуы мүмкін.
Фото: Qyzyljarnews.kz / Талғат Тәнібаев.