СҚО әкімі Құмар Ақсақалов әкімдік отырысында соңғы бес жылда түлектердің кетуі екі есеге төмендегенін жеткізді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Өңір басшысының айтуынша, 2017 жылы мектеп түлектерінің 30% — ы шетелдік жоғары оқу орындарына кеткен. Оның себептерінің бірі Солтүстік Қазақстан университетінің материалдық-техникалық базасының төмендігінде.
— Мектеп түлектерінің ең үздіктері кетіп жатқанын түсінеміз. Сол себепті мемлекет тарапынан білім беру сапасын қамтамасыз етуге қомақты қаражат бөлінуде. Бес жыл ішінде саланы қаржыландыру 2,4 есеге яғни, 144 млрд теңгеге дейін өсті. Корпустың құрылысы аяқталып, оқу жылы жаңа ғимаратта басталады. Әкелінетін заманауи жабдықтар білім беру сапасын арттырып, ЖОО-ның материалдық-техникалық базасын жақсартатыны сөзсіз,-деп атап өтті Құмар Ақсақалов.
М.Қозыбаева атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің проректоры Рената Апергенованың айтуынша, Аризона университетімен бірлесіп әзірленген қос дипломды бағдарлама бойынша 170 студент грант иегері атанған.
— Оқуға ең жоғарғы үздік балл алған балалар түсті. Оның ішіндегі 10 студент республика бойынша үздік нәтиже көрсетті. Олар жақында Аризона университетінен қос дипломды бағдарлама бойынша оқуға шақырту алады. Біздің университетке Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Қостанай, Қарағанды, Семей, Ақтөбе қалаларынан балалар оқуға түсті. Студенттер біздің университетте оқып қана қоймай, сонымен бірге Америка университетінің пәндерін оқиды.Соңғы курста олар бір семестр Аризонада оқитын болады, — деді Рената Апергенова.