Облысымызда қосымша 5 мың бала секциялар мен үйірмелерге тегін қатыса алады. Бұл мақсатқа бюджеттен 400 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінді, деп хабарлайды qyzyljarnews.kz тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облысы аумағында 83 қосымша білім беру ұйымы жұмыс істейді. Балаларды қосымша біліммен қамту 74 пайызды құрайды. Олар үшін мектептен тыс ұйымдарда да, мектептерде де 2 мыңнан астам секция мен 3 мыңға жуық үйірме тегін ұйымдастырылған. Оқыту 8 бағыт бойынша жүргізіледі: ғылыми-техникалық, ғылыми-биологиялық (экологиялық), инклюзивті, әлеуметтік-педагогикалық, көркем-эстетикалық, музыкалық-аспаптық, спорттық-сауықтыру мен туризм және өлкетану.
-Білім, спорт және мәдениет салаларында қосымша білім беруге мемлекеттік тапсырысты жүзеге асыру аясында биыл қосымша 5 мың бала үйірмелер мен секцияларға тегін қатыса алады. Бұл мақсатқа 400 миллион теңге бөлінді. Сәйкесінше, биылғы жылдың соңына дейін балаларды қосымша біліммен қамту 6 пайызға, яғни, 74-тен 80 пайызға дейін артады, – деп хабарлады облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.
Облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығында 26 үйірме тегін жұмыс істейді. Оның ішінде 45 оқушыға арналған домбыра үйірмесі де бар.
Биыл 1 тамыз бен 1 қазан аралығында барлық қосымша білім беру ұйымдарында үйірме сабақтарына оқушыларды қабылдау бойынша жұмыс істелуде.
Фото: ашық дереккөздерден.