Петропавлда үш адам құдық тазалап жүріп уланып қалған. Қазір олардың бірі өкпені жасанды желдету аппаратына қосылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
31 тамыз күні Петропавлдағы Жамбыл көшесіндегі құрылыс нысандарының бірінің жанындағы құдықты тазалаған үш адам буға уланды. Қалалық полиция қызметкерлері, жедел жәрдем қызметі келгенге дейін 2002 жылы туған жігіт сол жерде қайтыс болды. Ал 1994 және 2004 жылғы екі жұмысшы ауыр халде облыс орталығының медициналық мекемесіне жатқызылды.
Солтүстік Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, зардап шеккендердің екеуі аман. 18 жастағы жігіт Петропавл қалалық көпсалалы ауруханасында ем алып жатса, 28 жастағы екінші жігіт облыстық көпсалалы аурухананың жансақтау бөлімшесінде ауыр халде жатыр. Дәрігерлер жігіттің өмірін аман сақтап қалу үшін күресуде. Мамандардың айтуынша, қазір қандай да бір болжам жасауға ерте.
Естеріңізге сала кетейік, иіс тиген үш адамның біреуі қайтыс болғанын хабарлағанбыз.