СҚО-ға жұмыс сапарымен Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов пен Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің төрағасы Сұңғат Есімханов келді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Олар Петропавл 2-ЖЭО жылу беру маусымына дайындығы мен қалпына келтіру бойынша жол картасының орындалуын тексерді.
— Бұл учаскедегі жұмыс тәулік бойы жүріп жатыр. Жоспарланған барлық жұмыстар кесте бойынша жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда №12 қазандыққа арналған газ құбырларының құрылысы аяқталды. 20 қыркүйекке дейін № 7, №6 және №5, 30 қыркүйекке дейін — № 4 қазандыққа, 15 қазанға дейін № 1 және №3 қазандықтарға арналған газ құбырлары салынады,- деді Олег Перфилов.
Биыл станцияның қазандықтарында жөндеу жұмыстары жүргізілуде. №4, №5, № 6 және №7 қазандықтардағы қыздыру бөлігі 50% — дан 70% — ға дейін ауыстырылып, №1 қазандық агрегатына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ №8, №9 және №12 қазандықтардағы барлық жұмыстар аяқталды. Ғимарат құлаған кездегі жабдықтары зақымдалған №3 қазандықты жөндеу 1 желтоқсанға дейін аяқталады.
Уәкілетті органның басшылығына станцияның турбина цехындағы жөндеу жұмыстары көрсетіліп, жаңа түтін құбырын салу жоспарлары айтылды. Сапар жұмыс кеңесімен аяқталып, онда негізгі нәтижелер шығарылды.