СҚО-дағы Бұлақ ауылдық округінде биыл бір де бір қылмыс жасалған жоқ

Авторы: Qyzyljar News

Солтүстік Қазақстан облысындағы Бұлақ ауылдық округінде биыл бір де бір қылмыс тіркелмеген. Оған басты себеп – тұрғындардың спирттік ішімдіктен бас тартуы, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Бұлақ ауылдық округінің құрамына Бұлақ, Ақтас және Қарағай ауылдары кіреді. Онда 652 адам тұрады. 2018 жылы ауылдық округке тәжірибелі маман, полиция подполковнигі Қанат Жанғарин учаскелік полиция инспекторы болып келді.

– Жергілікті атқарушы биліктің және ауыл тұрғындарының қолдауымен құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстары жақсы жолға қойылған. Жыл басталғалы округте бір де бір қылмыс тіркелген жоқ. Оның басты себебі – тұрғындардың барлығы жұмыспен қамтылған. Сондай-ақ ауылдықтар спирттік ішімдіктерді ішуден өз еріктерімен бас тартқан. Тәжірибе көрсеткендей, қоғамдық тәртіп деңгейі халықтың тұрмыс-салтына байланысты. Десек те, қол қусырып қарап отырған жоқпыз, қылмыстың алдын алу шаралары күнделікті жүргізіледі, — дейді Қанат Жанғарин.

Бұлақ ауылдық округінің әкімі Болат Бейсенбаевтың айтуынша, Қарағай ауылында соңғы жылдары көшеде мас жүретіндер мүлдем жоқ. Нәтижесінде қылмыс та жоқ. Ауыл дүкендерінде спирттік ішімдіктерді сатуға тыйым салынбаса да – сатылмайды. Оның орнына жұрт қолы босаса спортпен айналысады, футбол, волейбол ойнайды. Ұлттық спорт түрлерін де дамытып жатыр.

– Жергілікті билік, халық және полиция ортақ тіл тапқан. Нәтижесінде ауылдық округтегі жағдай тұрақты. Бүгінде учаскелік полиция инспекторларының осы заманғы полиция құрылымында алар орны зор. Қызмет көрсетудің сервисік моделіне орай тәртіп сақшылары ашық және тұрғындардың шағым-арызы мен мәселелеріне жылдам әрекет етуі тиіс, — дейді СҚО ПД бастығы Айдын Қабдұлдинов.

Жалпы СҚО-да қазіргі уақытта 200-ден астам учаскелік полиция инспекторы еңбек ететінін айта кеткен жөн.

Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz