Петропавлда «Назар аударыңыз, балалар!» жедел-профилактикалық іс-шарасының екінші кезеңі аясында жасөспірімдердің түнгі уақытта қараусыз жүруіне қатысты 13 факті анықталды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жаңа оқу жылы басталғалы ювеналдық полиция қызметкерлері түнгі рейдтерді жиілеткен. Тәртіп сақшылары түнгі көшелерді аралап, компьютерлік клубтар, сондай-ақ аулалар мен тұйық көшелерді назарға алған.
Петропавлда полицейлер «Назар аударыңыз, балалар!» іс-шарасы аясында қыркүйектің 1-нен 2-не қараған түні Қазақстан Конституциясы көшесінде жүрген 11 жасөспірімді анықтаған. Олардың ата-аналары Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 442-бабы 2-бөлігі «Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы» бойынша жауапқа тартылды.
– Тәртіп сақшылары жедел-профилактикалық іс-шара барысында жасөспірімдердің түнде жүруінің 13 фактісін анықтады. Екі баланың спирттік ішімдік ішкені белгілі болды. Оқу орындарында профилактикалық жұмыстар жүргізіліп, балаларға құқық бұзушылықтың салдары, нашақорлық қаупі, жолда және қоғамдық орындарда қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелері туралы айтылады. Тұрмысы қолайсыз отбасылар тұрақты бақылауға алынған, — дейді Петропавл қалалық ПБ ЖПҚ ювеналды полиция бөлімшесінің бастығы Эльмира Абушева.
Жыл басынан бері Петропавлда түрлі құқық бұзушылықтар үшін 750-ден астам заңды өкіл жауапкершілікке тартылды. Оның 550-і кәмелетке толмаған балалардың түнгі серуені үшін, 50-і жасөспірімдердің спирттік ішімдіктер ішкені үшін жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, жасөспірімдердің түнгі уақытта болуына жол берген ойын-сауық мекемелерінің 12 иесі жауапкершілікке тартылды.