Солтүстік Қазақстан облысында тек Мамлют ауданында ғана соңғы екі аптада мотокультиватормен жол жүру ережесін бұзған 12 адам жазаланды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, мотокультиваторларды көлік құралы ретінде пайдалануға болмайды. Бұл техника түрі тек жер учаскесін жыртуға арналған. Дегенмен, ауыл тұрғындары оны қозғалыс құралы ретінде пайдаланып, адамдарды тасымалдайды.
– Ауыл тұрғындары мотокультиваторларымен елді мекеннен алыстап, тіпті тас жолдарға да шығып кетеді, мас күйде жүретіндері де бар, кейде кәмелетке толмағандар да тізгіндейді. Мамлют ауданында күздің басында патрульдік полиция тобының қызметкерлері культиваторлардың иелеріне қатысты 12 хаттама толтырды. Оған жолаушылар мен жүк тасымалдау ережелерін, жолда жүру ережелерін бұзу негіз болды. Ал бір көлік иесі оны мас күйінде тізгіндегені үшін жауапқа тартылды, — дейді Мамлют ауданы полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Иса Мұстафин.
Маманның айтуынша, мұндай техника иелері жолда жүру ережелерін білмейді. Мотокультиватормен жүріп келе жатып, жалт бұрыла салуы мүмкін. Салдарынан жол-көлік оқиғасы орын алады.
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі