Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сапармен келген Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинді Ақордада қарсы алды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі
Мәртебелі мейманның сапарына орай Салтанатты рәсімдер залында құрмет қарауылы сап түзеп, оның бастығы Мемлекет басшыларына сәлемдік баянат берді. Осыдан кейін Президенттік оркестр екі елдің мемлекеттік әнұрандарын орындады. Әнұрандарды тыңдап болғаннан кейін Си Цзиньпин мен Қасым-Жомарт Тоқаев кілемше бойымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туына қарай жүрді. Оның алдына келгенде мейман тоқтап, басын сәл иіп, өзінің құрметін білдірді. Сонан соң мейман мен Президент құрметті қарауыл сапының бойымен жүрді. Қытай басшысы құрметті қарауыл бастығымен қоштасып, Қазақстан Президентімен шағын құрамдағы кездесуге өтті.
Бұған дейін таратылған ақпаратқа сәйкес, Қазақстан мен Қытай басшылары қазақ-қытай стратегиялық серіктестігін жан-жақты нығайтудың перспективаларын талқылайды. Келіссөздерден кейін бірқатар екіжақты құжатқа қол қою жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, Си Цзиньпин Қазақстан-Қытай қатынастарының дәстүрін жалғастыруға және өз мақаласында жаңа мүмкіндіктер ашуға дайын екенін мәлімдеді.
— Саяси өзара сенімнің жоғары деңгейі екіжақты қарым-қатынастардың тұрақты әрі серпінді дамуының кепілі болып табылады. Осыған байланысты біз стратегиялық тұрғыдан қазақстандық достарымызбен ұзақ мерзімді перспективалар тұрғысынан жоғары деңгейлерде тығыз байланыстар жүргізіп, үкіметтер, заң шығарушы органдар, партиялар мен өңірлер желісі бойынша алмасулар мен ынтымақтастықты жандандыруға, үкімет басшыларының тұрақты кездесулері, үкіметаралық кездесулер сияқты тетіктердің әлеуетін ашуға сүйеніп, екіжақты қатынастарды жүйелі түрде жоспарлауға дайынбыз. Қазақстан-Қытай қатынастарының саяси іргетасын нығайту үшін елдеріміздің байырғы мүдделері мен негізгі алаңдаушылықтарына қатысты мәселелерде алдағы уақытта да бір — бірімізге табанды қолдау көрсететін боламыз, — деп мәлімдеді ҚХР Төрағасы.
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі