Петропавл 2-ЖЭО қалпына келтіру жол картасы бағдарламасы бойынша жүргізілуде. «Севказэнерго» АҚ басшылығы жүргізіліп жатқан жұмыстар жылыту маусымын бастауға кедергі келтірмейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
«Севказэнерго» АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, кестелер негізгі жабдықты жөндеуден біртіндеп шығаруды ескере отырып жасалған.
№2 мұржаны қайта құру жұмыстары жүргізіліп, сәтті жүзеге асырылуда. Сәуір айында монтажшы-альпинистер 75-тен 150 метрге дейінгі белгіден отқа төзімді кірпіш қабатын және бір белдеуді қалпына келтірді. Сонымен қатар, сыртқы бөлікте мамандандырылған сараптама кезінде анықталған барлық жергілікті ақаулар жойылды.
«Севказэнерго» АҚ-ның мәлімдеуінше, №3 мұржаның жұмысы қалыпты. Мамандар алдағы және одан кейінгі жылыту маусымдарында сенімді жұмыс істейтінін растады.
Жартылай құлаған № 1 мұржаны бөлшектеу жалғасуда. Қазіргі таңда 38 метрге дейін бөлшектелген, 32 метрден бастап техниканың көмегімен қиратылады.
Бірінші кезектегі қазандық агрегаттары № 1 құбырдан № 2 құбырға көшірілді. №6,7 және №12 қазандық агрегаттары аумағындағы газ жолдары дайын. № 1,3,4 қазандық агрегаттарына газ құбырларын тартқан кезде жоба толықатй аяқталады.
-Жол картасын жасау кезінде қазандық жабдықтарының жұмысын тұрақтандыру қажеттілігіне басты назар аударылды. № 4,5,6,7 агрегаттардың қыздыру беттерін ауыстырғаннан кейін бу өнімділігі мен үнемділігі артады. №8,9,11 және 12 қазандықтардағы барлық жұмыстарды аяқтадық. 20 қыркүйектен 15 қазанға дейін тағы бес қазандық жөндеуден шығарылады. Қазан айында тоғыз, желтоқсанда барлық 11 қазандық дайын болады, — деп хабарлады баспасөз қызметі.
Кәсіпорын басшылығы жаңа нысандар жылуға қосылатынына сендірді. Жаңғыртудан кейін жылу қуаты 713 Гкал-ға жетеді. Қатты суық болған жылдары жүктеме 497 Гкал болды, жаңа нысандарды енгізуді ескере отырып, болжамды жүктеме 550 Гкал дейін артады.
Фото: ашық дереккөздерден.