Солтүстік Қазақстан облысында 1 қазаннан бастап 15 қарашаға дейін тұмауға қарсы иммундау басталады. Осы мақсатқа өңірге 60 мың доза «Гриппол плюс» препараты жеткізілді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, тұмауға қарсы қойылатын «Гриппол плюс» препаратында вирустың 3 антигені бар. Бұл Дүниежүзілік денсаулық ұйымының болжамынша биыл таралуы тиіс тұмаудың штаммдары, ал вакцина халықты осы қауіпті аурудан қорғамақ.
– Биыл да халықтың белгілі бір тобына тұмауға қарсы вакцинаны тегін қоюға қаржы бөлінді. Оны өздері қаралатын емханадан қойғызуға болады. Тегін вакцинаны жүктіліктің 2-3 триместріндегі әйелдер, қазір тіркеуде тұрған олардың саны 70-ден асады және 8,5 мың медициналық қызметкер қойдырады. Бұдан басқа диспансерлік есепке алынған балаларға, жиі ауыратын 6 айдан жоғары сәбилерге, арнайы мекемелерде тәрбиеленіп жатқан балаларға, медициналық-әлеуметтік мекемелердің тұрғындарына, жүрек-қан тамырлары және тыныс органдарының созылмалы аурулары бар сырқаттарға және эпидемиологиялық көрсеткіштері барларға да екпе тегін жасалады, — дейді СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаев.
Осылайша тұрғындардың 13,8 % тұмауға қарсы тегін вакцинамен қамтылмақ. Әсет Жұматаевтың айтуынша, СҚО-ның денсаулық сақтау басқармасы экономия есебінен тағы 15 мың дозаға тапсырыс берді.
Биыл тұмауға қатысты жағдай күрделі, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда қауіпті вирусты жұқтырғандар саны 27 адамға артқан.