Руслан Аңбаев Петропавл тұрғындарымен кездесіп, облыс орталығының соңғы 8 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы айтты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Қала әкімінің айтуынша, өнеркәсіптік өндіріс көлемінің өсуі 198,9 млрд. теңгені құрады, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 38% — ға артық. Оның ішінде өңдеуші өнеркәсіп — 80,5%-ға көтерілген, оның көлемі 160,2 млрд.теңгені құрады. Бұған тамақ өнімдері өндірісінің 56,7 — ден 71 млрд. теңгеге, жеңіл өнеркәсіп көлемінің 1,7-ден 3,4 млрд. Теңгеге, машина жасау саласының 30,2-ден 62,1 млрд. теңгеге дейін ұлғаюы себеп болған.
— Қаланың дамуына келетін болсақ, қазіргі уақытта үш ауданда, «Жас өркен», «Береке» және Уәлиханов көшесінің бойында құрылыс жүріп жатыр. 600 пәтерлік алты бюджеттік жалға берілетін үйдің құрылысы жалғасуда. Қазіргі уақытта үйлерге инженерлік инфрақұрылым тартылуда. Ағымдағы жылдың соңына дейін тапсыру жоспарланған, оларға әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды қоныстандыратын боламыз. Қаланың орталық бөлігіндегі перспективалы аудан назардан тыс қалған жоқ, қазір мұнда 684 пәтерге арналған 7 бюджеттік үй салынуда, — деді қала басшысы.
Сондай-ақ, ол қаланың солтүстік бөлігіндегі жылу энергиясын, оның ішінде «Шығыс» шағын ауданында салынып жатқан аурухананы және оған іргелес жатқан нысандарды ұлғайту мақсатында құны шамамен 4,2 млрд.теңге болатын ТМ-15 жылу магистралінің құрылысы қарастырылғанын атап өтті. Жобаны 2023 жылы іске қосу жоспарланған.
Фото: Талғат Тәнібаев.