Петропавлда мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртуға биыл бір миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл туралы халықпен кездесуде қала әкімі Руслан Аңбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Қала басшысының айтуынша, көппәтерлі тұрғын үйлерді жаңарту үшін республикалық бюджеттен өткен жылы 980 млн. теңге көлемінде несие бөлінген. Осы ақшаға 18 көппәтерлі тұрғын үйде жаңғырту жүргізілді. Оның ішінде 13 үйдің шатырында күрделі жөндеу өтсе, бес үйде 10 лифт ауыстырылды. 2022 жылға 19 үйді жөндеуге бір миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. Жұмыс қала әкімдігінің сайтында орналастырылған кезектілік тәртібімен жүргізіледі.
— Горький көшесіндегі үйдің тұрғындарынан жөндеудің сапасыз жасалғаны туралы өтініштер болғанын білемін. Модернизация жасамас бұрын, үйдің әр тұрғынының пікірін білу дұрыс деп санаймын. Жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуден бастап жұмыстарды қабылдауға дейін-тұрғындар қатысуы тиіс. Олардың мақұлдауынсыз мен ешқандай актіге қол қоймаймын. Мұны мердігер ұйымдар естісін. Тек бірлесіп қана жұмыс істегеннің арқасында қажетті де сапалы нәтижеге қол жеткізе аламыз, — деп мәлімдеді Руслан Аңбаев.