Жыл басынан бері Петропавлда учаскелік инспекторлар 18 мыңнан астам құқық бұзушылықты анықтады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Қыркүйек айының басында Петропавлдағы Батыр Баян көшесіндегі балабақша маңында қоқыс үйінділерінің бірі жойылды. Мұнда полицейлер жалпы пайдалану орындарын ластағаны үшін 20-дан астам әкімшілік хаттама толтырды.
Жақында қала тұрғындары рөлде отырған әйел адамның жойылған қоқыс алаңына баласын қоқыс тастауға жіберіп жатқан сәтін жазбаға түсіріп, әлеуметтік желілерге жариялаған. Түсірілген жазба бойынша полицейлер бұзушыны анықтап, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 434-2-бабы бойынша жауапқа тартты.
—Жиындарда аулаларда тұрақ мәселесі де жиі көтеріледі. Учаскелік инспекторлар мұндай мәселелер тұрғындардың жалпы жиналысында шешілуі тиіс екенін түсіндіреді. Тағы бір жиі кездесетін тақырып — интернет арқылы жасалатын алаяқтық. Тұрғындармен кездесу барысында көбінесе күдікті адамдардың қоңыраулары туралы көп шағым айтылады. Бүгінде тұрақты профилактикалық жұмыс өз жемісін беріп жатқанын айта кеткен жөн. Көптеген қала тұрғындарына қауіп-қатер туралы алдын-ала хабарлануда, — дейді Петропавл қалалық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Әлібек Ғабдуллин.