Петропавлдың № 1 қалалық емханасында жас дәрігерлерге 1 миллион теңгенің сертификаттары табысталды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Медициналық мекеменің мәліметінше, сегіз жас дәрігер көтерме жәрдемақы ретінде ақшалай сертификаттар алған. Оның ішінде алты жалпы тәжірибелік дәрігерге, балалар невропатологына және оториноларинголог дәрігеріне берілді. Емхана директорының міндетін атқарушы Николай Новиков медициналық мекеме жас кадрларды қолдайтынын атап өтті. Оның айтуынша, жалдамалы пәтерде тұратындарға тұрғын үй шығындарын өтеу үшін ай сайынғы өтемақы төленеді.
Өткен жылы облыс әкімі Құмар Ақсақалов дәрігерлерге арналған көтерме жәрдемақылардың мөлшерін арттыру туралы мәлімдеді. Осы жылдың сәуір айында денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Нұрлан Айманов қомақты төлемдер өңірге дәрігерлердің рекордтық санын тартуға мүмкіндік береді деген болатын.