Солтүстік Қазақстан облысында жіті респираторлық вирусты инфекцияны (ЖРВИ) жұқтырғандар саны артып келеді. Өткен аптада дәрігерге қаралған 552 адамға осы диагноз қойылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде ЖРВИ бойынша эпидемиологиялық жағдай бүгінге дейін бақылау деңгейінен асқан жоқ. Алайда вирусты инфекцияны жұқтырудың маусымдық өсуі байқалады. Мәселен қыркүйек айында ЖРВИ-дің 1872 жағдайы тіркелсе, соның 552-сі соңғы аптада ауырғандар. Ал өткен эпидемиологиялық маусымда вирусты инфекцияны жұқтырудың 31 мыңға жуық жағдайы тіркелді, сырқаттанушылық 9 % артқан.
– Тұмауға қарсы профилактикалық екпе салдыру тіркелген жері бойынша емханада жасалады. Оны медицина қызметкерлері, медициналы ұйымында диспансерлік есепте тұрған балалар, балалар үйлерінің тәрбиеленушілері, қарттар үйлерінің контингенті және эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша 2-3 триместрдегі жүкті әйелдер, созылмалы аурулары бар адамдар, 65 жастан асқан адамдар және тағы басқалары тегін ала алады, — дейді СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Айнаш Сағандықова.
3 қазаннан бастап СҚО-да тұмауға қарсы иммундау науқаны басталады. Тәуекел тобына жататын адамдарға тұмауға қарсы ресейлік «Гриппол плюс» вакцинасының 60 мың дозасы сатып алынды.