Петропавл қалалық соты пара алып ұсталған «Еңбек-Қызылжар» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны директорының міндетін атқарушыға қатысты қылмыстық істі қарап, үкім шығарды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Петропавл қалалық сотының мәліметінше, «Еңбек-Қызылжар» ШЖҚ РМК директорының міндетін атқарушы мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті тұлға бола тұра, Солтүстік Қазақстан облысы қылмыстық атқару жүйесі департаментінің түзеу мекемелеріне тамақ өнімдерін жеткізу бойынша мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша көрсетілетін қызмет үшін бюджет қаражатын кедергісіз аударамын деп М. есімді жеке кәсіпкерден 200 мың теңге пара алған.
Қылмыстық істі сотқа дейінгі тергеп-тексеру жедел аяқталғанына байланысты сот талқылауы қысқартылған тәртіппен өткізілді. Прокурор сотталушыны мемлекеттік қызметте лауазымды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 3 жылға бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындауды сұрады. Сотталушы кінәсін мойындап, айыппұл тағайындауды сұрады. Жалпы пара алғаны үшін айыппұл немесе бас бостандығынан айыру түрінде жаза көзделген. Сот оның кінәсін толық мойындауын, шын ниетпен өкiнуін, қылмыстық құқық бұзушылықты ашуға белсенді түрде ықпал етуін есепке алып, қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңiлдететiн мән-жай ретінде қарады.Жазаны ауырлататын мән-жай анықталған жоқ.
Сот кінәліні мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, оған алған парасының отыз еселенген сомасы мөлшерінде айыппұл түрінде жаза тағайындады, яғни сотталушы енді 6 млн. теңге айыппұл төлемек.