СҚО-да жастардың және халықтың әлеуметтік осал топтарының жаңа бизнес-идеяларын іске асыруға биыл 826,8 млн. теңгеге 653 грант бөлінді. Бұл туралы әкімдік отырысында жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ринат Елжасов мәлімдеді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Ринат Елжасовтың айтуынша, 425,3 млн. теңгеге 385 грант берілген. Гранттың орташа мөлшері 1,1 млн теңгені құрады.
Ең көп гранттар ауыл шаруашылығын дамытуға, қызмет көрсетуге және өнім өндіруге берілді. Оның ішінде мал сатып алуға, өсімдік шаруашылығына, құс шаруашылығына, терезе өндіруге, техникалық қызмет көрсету орталығын ашуға берілді.
— Берілген гранттарға жыл сайын жүргізілетін талдау оларды пайдалану кезінде белгілі бір тәуекелдерді көрсетеді. 2018 жылдан 2022 жылға дейін 9,9 млрд. теңге сомасына 2 901 грант берілді. Оның ішінде меңгерілмеген 0,4% немесе 36 млн. теңгені құрайтын жоба қаржылары қайтарылады. Іс жүзінде сот тәртібімен 9,2 млн. қайтару қамтамасыз етілді. Қазір гранттар беру туралы шешімді жергілікті жерлердегі комиссиялар қабылдайды. Бұл ретте бизнес-жобаны іске асыру кезінде бәсекеге қабілеттілікті, қаржылық өміршеңдікті, тиімділікті және экономикалық орындылықты ескеру қажет, — деді Ринат Елжасов.