Солтүстік Қазақстан облысы перинаталдық орталықта алып сәби дүниеге келді. Салмағы бес келіден асатын нәрестені петропавлдық әйел дүниеге әкелді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
СҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, 7 қазан күні облыстық перинаталды орталықта «алып» сәби туған. Ер баланың салмағы — 5 100 грамм. Ол Петропавл тұрғының екінші баласы, әйел сәбиді кесарь тілігінсіз өзі туған. Бұл биылдыққа өңірде өмірге келген алғашқы алып бала.
– Біздің дәрігерлердің біліктілігі мен кәсібилігі арқасында ананы аман-есен босандырып алдық. Қазіргі уақытта нәрестенің де, әйелдің де жағдайы жақсы, үйіне жіберілді. Мұндай шымыр балалар өте сирек дүниеге келеді, орталықта жылына бір-екеуі ғана туады. Жалпы 4 мың граммнан асса — ірі, ал 5 мың граммнан асса — алып бала деп есептеледі, — дейді СҚО көпсалалы ауруханасы перинаталдық орталықтың директоры Елена Калюжная.
Өткен аптада облыстық перинаталды орталықта 89 сәби дүниеге келсе, соның 49-ы – ер бала.Жалпы биылғы тоғыз айда 3415 нәресте дүние есігін ашты, оның 54-і – егіздер.
ЭКО арқылы 108 бала туған. Сондай-ақ 10 сәбидің салмағы туғанда 4 келіден жоғары болған. Еске сала кетейік, бір жеті бұрын Алматыда салмағы 5 келіден астам қыз бала дүниеге келген еді.Алматының №2 перзентханасында 32 жастағы әйел жүктіліктің 39 аптасында патология бөліміне түсіп, салмағы 5 328 грамм, бойы 60 см сәбиді дүниеге әкелді.
– Мұндай жағдайлар өте сирек кездеседі. Әйел еш қиындықсыз босанды. Қазір анасы мен нәрестенің жағдайы жақсы. Үш күн перзентханада жатып, үйіне шығарылды, — дейді бас дәрігердің орынбасары міндетін атқарушы Гүлнәр Куренова.