Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашүкеев елімізде нан бірнеше себепке байланысты қымбаттауы мүмкін екенін айтты, – деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Оның айтуынша, себептердің қатарында жинақтаушы бөлшектер, электр энергиясы, дизельдік отын және коммуналдық қызметтердің қымбаттауы да бар.
– Жалпы 11,9 пайыз өсім бар, оны статистикалық мәліметтерден көріп отырмыз. Қаңтардан бастап бағаны тұрақтандыру үшін барлық шараларды қабылдаудамыз. Жалпы күрт өсіруге негіз жоқ, өйткені ұн былтырғыдан көп өндірілгендіктен, биыл бидайдың да мол екені анық – біз тіпті орташа жылдық өнімнен де артық жинадық, –деп түсіндірді Ербол Қарашүкеев.
Оның айтуынша, биыл Ауыл шаруашылығы министрлігі тұрақтандыру қорына 1,1 миллион тонна астық жинауды жоспарлап отыр, оның 900 мың тоннасы бидай.