СҚО полицейлері жолда қалып қойған көлік жүргізушісі мен төрт жолаушыға көмектесті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
9 қазан күні сағат 22:00-де Челябі-Новосібір автожолының 606 шақырымында патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Азамат Таласбаев пен Сергей Михайленко тоқтап тұрған «KIA» автокөлігін байқап, мән-жайды білмек болып жақындайды. Көліктің ішінде Омбы қаласының бес тұрғыны болған. Ресей азаматтары Бурабай курортындағы демалыстан келе жатқан, жолда көліктің алдыңғы сол жақ доңғалағы жарылып қалған. Тәртіп сақшылары болса жақын маңдағы аудан орталығы Булаево қаласының шина жөндеу шеберханасының иесімен байланысқа шығады. Ол қиын жағдайда қалған жолаушыларға қол ұшын созып, доңғалақты жөндеп берген.
– Алыс жолға шықпас бұрын көлік құралының техникалық жағдайын мұқият тексеру керек. Өзіңізбен бірге қосалқы доңғалақ, қажетті құрал-жабдықтар алып, байланыс құралының сенімділігіне көз жеткізген жөн. Күннің суытуына байланысты жылы киімдерді алып жүру де артықтық етпейді. Жолда түрлі жағдайлар орын алатынын естен шығармаған жөн. Қырағылық танытып, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау керек, – дейді ППБ командирінің орынбасары Уәлихан Оразалин.