Солтүстік Қазақстан облысында жыл сайын орта есеппен 200-дей әйелде қатерлі сүт безі обыры анықталады. Уақтылы диагноз қойылған жағдайда аурудың емі бар, десек те жыл басынан бері қатерлі дерттен 24 әйел қайтыс болған, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
СҚО онкология орталығының мәліметінше, сүт безінің обыры қатерлі ісіктердің арасында таралуы бойынша бірінші орында тұр.
Әр оныншы әйел қатер тобына кіреді. Қазақстанда жыл сайын мұндай диагноз 5 мыңға жуық қыз-келіншекке қойылады. Ал 1200-дей әйел осы қатерлі дерттен қайтыс болады.
– 2008 жылдан бастап Қазақстанда қатерлі сүт безі обырын скринингтеу бағдарламасы жұмыс істеп келеді. Ол 40 пен 70 жас аралығындағы әйелдерді қамтыған. Елдегі емханалар мен онкодиспансерлер дертті ерте бастан анықтау үшін тексеруден өткізеді. Дегенмен, науқастардың басым бөлігі дәрігерге дерттің айқын белгілерімен келеді, ал бұл аурумен күресуде айтарлықтай қиындық туғызады, — дейді СҚО көпсалалы аурухананың онкологиялық орталық онкомаммологы Рафаэль Ризаев.
Маманның айтуынша, өңірдің және еліміздің барлық медициналық мекемелерінде 15 қазанда сүт безі обырын анықтау және дерттің алдын алу мақсатында Ашық есік күні өтеді.
– Әйелдерді кешенді тексеруден және скринингтен өтуге шақырамыз. Ең қарапайым әдіс – өзін-өзі тексеру. Әрбір әйел таңертең тұра салып, душқа түспес бұрын, кеудесін пальпациялап өзін-өзі тексеруі тиіс. Егер ол қандай да бір патологиялық ерекшелікті анықтаған болса, одан әрі диагностикалау үшін маммологпен кеңескені абзал, — дейді Рафаэль Ризаев.
СҚО-да жыл сайын жаңадан 200-210 әйелде сүт безінің қатерлі ісігі анықталады. Биыл жыл басынан бері 24 әйел осы дерттен қайтыс болған.