Петропавлда әскери есепте 9 мыңға жуық әскерге шақырылушы тұрса, соның 510-ының жүрген жері белгісіз. Осыған байланысты мамандар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексіне өзгеріс енгізіп, әскерге барудан қашқандарды 1-ден 6 жылға дейін соттауды ұсынды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Петропавл қалалық қорғаныс істері басқармасының басшысы Бауыржан Есенеев аппарат кеңесінде күзгі әскерге шақыру науқанының барысы жайында айтты.Оның айтуынша, әскерге шақырылушыларды шақыру комиссиясына келуге мәжбүрлейтін заңды тетіктер қарастырылмаған. Сондықтан нормативті-құқықтық актілерге бірқатар өзгеріс енгізу ұсынылды. Петропавлда әскери есепте 8 711 адам тұр. Олардың тек 518-і ғана биыл әскер қатарына алынбақ. Қалғандары отбасылық жағдайға, оқуына, мұғалім болуына байланысты, денсаулығына қатысты уақытша босатылған. Ал әскерге шақырылуы тиіс 510 жігітті мамандар таба алмай жатыр.
– Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 387-бабына өзгеріс енгізуді ұсынамыз. Ол бойынша әскери қызметтен өтуге бас тартқандарға, шақыру учаскесіне, облыстық жинақтау пунктіне келмегендерді 1 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы, сондай-ақ әскерге бармау үшін өзіне-өзі жарақат салатындарға, өтірік ауыратындарға, жалған құжат жасайтындарға және шақыру учаскесіне, облыстық жинақтау пунктіне келмегендерге 3 жылдан 6 жылға дейін жаза кесуді ұсынамыз, — дейді Бауыржан Есенеев.
Ашық көздерден алынған сурет