Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойына орай Жамбыл облысында іс-шаралар кешені өткізілді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Іс-шара Тараз қаласындағы Халықаралық Тараз инновациялық институты «Студенттер үйінің» алдында ескерткіштің ашылу салтанатымен басталды.Ескерткіштің ашылу салтанатынан кейін «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешеніндегі Көрме павильонында «Шерхантаным: қазіргі қазақ әдебиеті мен қазақ баспасөзінің даму тенденциялары» тақырыбындағы ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.
Мерейтой кейіннен Жуалы ауданы Талапты ауылындағы Шерхан Мұртазаның әдеби-мемориалды үйінің (өзі тұрған үйі) ашылу салтанатымен жалғасын тапты. Сондай-ақ, «Шыңның жүзі — Шераға» республикалық ақындар мүшайрасының және «Ақиқаттың ақ туы» республикалық қаламгерлер байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі ұйымдастырылды.
Мемлекет және қоғам қайраткері, халық жазушысы Ш.Мұртазаның 90 жылдық мерейтойын атап өтуге негізделген іс-шараларға шақырылған құрметті қонақтар қатарында ақын, жазушы, Қазақстанның Еңбек ері Мұхтар Шаханов, мемлекет және қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызы, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, доктор, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Мұхтар Құл-Мұхамед, Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрі Қыдырәлі Дархан Қуандықұлы, жазушы, қоғам қайраткері Нұрлан Оразалин сынды белгілі тұлғалар бар. Іс-шаралар легі ақындар айтысымен, облыс өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен қорытындыланды.