Петропавлда Республика күнінде ерекше мерекелік шаралар ұйымдастырылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Республика күні елімізде 13 жылдан кейін қайта жанданып кең әрі ауқымды аталып өтті. Солтүстік Қазақстан облысының әр бұрышында мерекелік концерттер мен салтанатты жиындар өткізіліп, онда қол жеткізілген нәтижелер айтылып қана қоймай, үздік солтүстікқазақстандықтар да ерекше ілтипатқа бөленді. Петропавлға Қазақстанның басқа қалаларынан ғана емес, Тәжікстаннан, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан және Ресейден көптеген қонақ келді. Облыс орталығында алғаш рет «Qyzyljar шеберлер мекені» халықаралық фестивалі өтті. Фестивальді Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағат басқармасы мен Солтүстік Қазақстан облыстық музейлер бірлестігі ұйымдастырды.
— Фестиваль жұмысына Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей Федерациясының Ямало-Ненец автономиялық округі, Түмен, Қорған, Челябі және Омбы облыстарынан, Алматы, Қарағанды, Көкшетау, Петропавл қалаларынан 24 шебер қатысты. Сондай-ақ, қолөнершілер өнімдерін сатып, шеберлік-сыныптаын өткізді, — деді ұйымдастырушылар.
Қала тұрғындары мен қонақтары үшін шеберлер әр түрлі техникада жасалған қолдан жасалған бұйымдардың кең ассортиментін оның ішінде: ағашты, сүйекті, былғары мен металды көркем өңдеу, киіз басу, фьюзинг, патч тігу, зергерлік бұйымдар, тоқыма қуыршақтары мен ойыншықтар, керамика, гипс, қайың қабығы, эпоксидті шайыр және тағы басқаларын ұсынды. Сондай-ақ қала тұрғындары мен қонақтары үшін қаланың орталық алаңында өткен Ақан Сері атындағы қалалық мәдениет үйі мен Солтүстік Қазақстан облыстық филармониясының шығармашылық ұжымдары мен солистерінің қатысуымен мерекелік концерт өткізіліп, көрермендерге викториналар, ойындар және буккросингпен «Мәңгілік ел-Қазақстан» танымдық ойын бағдарламасы ұсынылды.
Түстен кейін тұрғындардың қатысуымен ұлттық ойындар ойнатылды. Қалалық мәдениет үйінің халық драма театрының актерлері қала тұрғындарына қазақ, орыс, украин, татар, грузин, тәжік, түрікмен халықтарының ұлттық ойындарына қатысуға шақырды. Мереке күні соңында Петропавлда ашық аспан астында «Open Air» концерті өтті. Онда тұрғындар алдында облыс орталығының танымал шоу-топтары мен қазақстандық атақты «NINETY ONE» әншілер тобы өнер көрсетті.