Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат ретінде Республикалық қоғамдық штабқа барды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың 227 қоғамдық қабылдауы ашылған. Сайлаушылар ұсыныс, тілектері сол орындарда қабылданады. Бірінші күннің өзінде 100-ге жуық өтініш түскен. Кезектен тыс президенттік сайлауға Қасым-Жомарт Тоқаевты үміткер ретінде халық коалициясы ұсынған болатын. Коалицияға түрлі партиялар, қоғамдық бірлестіктер енді. Кандидаттың ел өңірлерінде 227 қоғамдық қабылдауы құрылды. Олар сайлаушылардың ұсыныс-тілектерін қабылдап жатыр. Бірінші күні-ақ қазақстандықтардан 100-ден астам өтініш келіп түсті.
Өз сөзінде, Қасым-Жомарт Тоқаев штаб мүшелерінің алдында өзінің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін» деп аталатын сайлау алды бағдарламасын жариялады.
– Оның әр тармағын өзім жазып шықтым. Бұл бағдарлама менің жүрегімнен шықты деп айтсам, артық болмайды. Біздің бір ғана мақсатымыз бар. Бұл – Әділетті Қазақстанды құру, — деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.