Есіл ауданындағы Покровка ауылында «Қазақстан халқына» қорының «24 балалар спорт залы» қайырымдылық жобасы аясында спорт залы пайдалануға берілді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының бастамасымен және «Батыр боламын!» қорымен бірлесе ашылған зал 40 балаға арналған. Бұл – «Қазақстан халқына» қорының «24 балалар спорт залы» қайырымдылық жобасы аясында ашылған 8 нысан.
– Бұл ауылда залдың ашылуы кездейсоқ емес. Бүгінгі таңда балалар спортын дамыту үшін мұнда жағдай жасалмаған. Шалғай ауыл тұрғындарының жақын маңдағы елді мекендерге барып, спорт секцияларына қатысуға мүмкіндігі жоқ. Жобаның басты мақсаты – еліміздің осындай шалғайдағы елді мекендерінде балалар үшін спортқа қолжетімділік деңгейін арттыру. Жоба аясында 5 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды, аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан балаларды қамтимыз, — дейді ұйымдастырушылар.
Покровка ауылында ашылған жаңа спорт залы тұрғындардың демеушілік қаражаты мен қайырымдылығы есебінен салынған ғимаратта орналасқан. Жақында ғимаратты мемлекет меншігіне беру жоспарланып отыр. Бұл жерде балалар қазақ күресінен, бокс, гимнастика және т.б. спорт түрлерінен арнайы жабдықталған залдарда жаттығады. Тұрақты негізде 40-50 бала спортпен айналыспақ.
24 залды ашуға арналған қайырымдылық бағдарламасының бюджеті – 183 млн теңге шамасында. Бүгінгі таңда Ақмола облысы Целиноград ауданы Тасты кентінде, Алматы облысы Ұйғыр ауданы Ават кентінде, Маңғыстау облысы Бейнеу ауданы Бейнеу және Ақжігіт кенттерінде, Алматы облысы Сарқан ауданы Черкасск кентінде, Қарағанды облысы Нұра ауданы Изенді кентінде және Алматы облысы Қазақстан ауылында осындай спорт залдары жұмыс істеп жатыр.