Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық бақылау қадағалау комитетімен Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Жануарлардың саулығы жөніндегі дүниежүзілік ұйымы арасындағы қол қойылған келісімді іске асыру шеңберінде ағымдағы жылдың 26-28 қазан аралығында жануарлардың аса қауіпті аурулары бойынша атап айтқанда, ірі қара малдың аусыл жұқпалы ауруын жою бойынша симуляциялық жаттығулар өткізілді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Оқу-жаттығуларға Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің ғылыми-зерттеу институттары мен аумақтық инспекцияларының өкілдері, Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданының төтенше жағдайлары бойынша органдары, ішкі істер органдары, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау мен денсаулық сақтау мекемелері жұмылдырылды.
Оқу-жаттығуларға ветеринария қызметінің 43 қызметкері мен арнайы техникалары жұмылдырылды. Жаттығулар барысында төтенше жағдай кезіндегі қызметтердің ведомствоаралық өзара іс-қимылы, аусыл жұқпалы ауруының пайда болуы, диагностикасы, ақпараттандыру, оқшаулау, жою, алдын алу кезіндегі ұйымдастыру мәселелері, Солтүстік Қазақстан облысының ветеринариялық қызметінің облыстық және аудандық бөлімшелерінің төтенше жағдай кезіндегі дайындығын тексеру бойынша сұрақтар пысықталды.
Аусыл ауруының ошағын жою жұмыстары және ұйымдастыру кезінде дала жұмыстарының дағдылары, сондай-ақ қолайсыз пункттің шекарасын белгілеу және онда жүргізілетін сауықтыру шараларын жүргізілуі, қауіп төнген аймақта алдын алу шараларын жүргізілуі игерілді. Залалсыздандыруға арналған заманауи құрылғылармен және қондырғылармен жұмыс істеу, өндіріске заманауи жеке қорғаныс құралдарын енгізу дағдылары игерілді.