СҚО-да 56 жастағы ер адам анасын пышақтап өлтірген. Қылмыс Қызылжар ауданы Архангельск ауылында орын алды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
— Аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне 1941 жылы туған әйелдің пышақталғандығы туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы жіберілді. Зардап шеккен әйел жедел жәрдем көлігі арқылы орталық аудандық ауруханаға жеткізілді, онда ол алған жарақаттарынан қайтыс болды,- делінген облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі жариялаған ақпаратта.
Осы қылмыс жасады деген күдікпен 1966 жылы туған Қызылжар ауданының тұрғыны марқұмның ұлы ұсталды. Қайғылы жағдайға не себеп болғаны әлі белгісіз.
Бұл факт Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 99-бабының 1-бөлігі (кісі өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелген. Күдікті қамауға алынды. Қазіргі уақытта осы факт бойынша тиісті сараптамалар тағайындалып, тергеу әрекеттері жүргізілуде, олардың нәтижелері бойынша түпкілікті процестік шешім қабылданатын болады.
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі