Петропавлда 2014 жылдан бастап 100 шақырымнан астам су құбырлары және 56 шақырымнан астам кәріз желілері ауыстырылды. Бұл туралы әкімдік отырысында «Қызылжар су» ЖШС бас директоры Жеңіс Сұлтанов мәлімдеді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Жеңіс Сұлтановтың айтуынша, жүргізілген жұмыс су құбыры желілерінің тозуын 74 — тен 58% — ға, кәріз желілерінің тозуын 64-тен 61% — ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Шығындар 15% — ға дейін қысқарды.
— «Қызылжар су» Еуропа қайта құру және даму банкімен несие шарты және жергілікті атқарушы органдардың жобаны қолдау туралы шарт жасасқан. Жоба бойынша жалпы сома 3,8 млрд. теңгені құрайды. Суды сүзу технологиясын жақсарту, жуу уақытын азайту және суды тұтынуды өз қажеттіліктеріне азайту үшін сүзгілерді қайта жаңарту, процестерді автоматтандыру, суды тазартудың барлық кезеңдері бойынша сенімділікті арттыру және толық бақылау көзделеді, — деп хабарлады Жеңіс Сұлтанов.
Шешуді қажет ететін ағымдағы проблемалардың қатарына магистральдық желілерді — су құбырлары мен үлкен диаметрлі коллекторларды қайта құру жатады. Бұл тек республикалық бюджет есебінен мүмкін болады. Кәрізді тазарту құрылыстарын қайта жаңарту және биотоған бөгетін жөндеуді аяқтау мәселесі ашық күйінде қалып отыр.