Солтүстік Қазақстан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Павел Шилов брифингте Петропавл 2-ЖЭО-да жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарының барысы туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Павел Шиловтың айтуынша, жұмыстар жол картасына сәйкес жүргізіліп жатыр. Оған 10 мердігерлік ұйым, 300-ден астам адам жұмылдырылды.
— Үш қазандық агрегатында жұмыстар жүргізілуде. Жылыту маусымы бес қазандық пен үш резервтен басталды. 15 қарашаға қарай екі қазандық агрегатында, 1 желтоқсанға қарай тағы бір қазандықта жөндеу жұмыстары аяқталады. Осылайша, жылыту маусымының өтуі 11 қазандық агрегатының жұмысымен қамтамасыз етіледі, — деді Павел Шилов.
«Севказэнерго» АҚ Бас директоры Олег Перфилов жылыту маусымының бірінші айы штаттық режимде өткенін айтты. Ол алдағы демалыс күндері қалада қысқа мерзімгі шу болуы мүмкін екенін ескертті. Бұл Петропавл ЖЭО-2 жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін №7 қазандық агрегатында бу қыздыру құбырларын үрлеу жоспарланып отырғандығына байланысты.