Солтүстік Қазақстан облысында жас техниктер мен өнертапқыштардың форумы өтті. Араға екі жылды салып қайта ұйымдастырылған дәстүрлі көрмеге жасөспірімдер 8 бағыт бойынша жұмыстарын ұсынды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Петропавлдағы облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығында өткен форум әр ауданның үздік өнертапқыштары мен жас техниктерін жинады.Облыстық форумға 34 жасөспірім қатысып, өз туындыларын әкелген.
– Форум 7-11 сынып және колледж оқушылары арасында ұйымдастырылды. Балалар 8 номинация бойынша жұмыстарын ұсынды. Әкелген еңбектері бір-бірін қайталамайды, ішінде асқан ыждағаттылықпен жасалған жұмыстар бар. Мұндай байқау-форумдар керек. Өйткені мұнда балалар жаңа идея ойлап тауып, тәжірибе жинақтай алады, — дейді СҚО балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының бөлім меңгерушісі Саян Ермек.