СҚО полициясы интернет-алаяқтар өздерін полиция қызметкері ретінде таныстыруы мүмкін екенін ескертеді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
СҚО-да интернет-алаяқтықтардың үштен бірінен астамы банктен қоңырау шалу схемасы бойынша жасалады. Көбінесе қылмыскерлер ең алдымен өздерін құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырады. Олар банк қызметкерлеріне қатысты тергеу жүргізіліп жатқаны туралы айтып, банктің қауіпсіздік қызметінің жалған қызметкері әңгімеге қосылып, адамды үлкен несие алуға және ақшаны алаяқтар иелік ететін шотқа аударуға мәжбүрлейді.
Бұл ретте алаяқтар нақты қызмет атқарып жүрген полиция қызметкерлерінің, оның ішінде басшылық құрамның аты-жөнін айтуы мүмкін. Сенімді көрінуі үшін WhatsApp арқылы жалған қызметтік куәліктерді жібереді. Осындай фактілердің бірінде қаскөй өзін СҚО Полиция департаменті бастығының орынбасары Айдос Ідірісов деп таныстырған.
– Бұл – өңірімізде алаяқтардың нақты қызметкерлердің есімдерін айтып таныстыруы бірінші рет емес. Естеріңізде болсын, криминалдық полиция қызметкерлері телефон арқылы нақтылау сипатындағы сұрақтар қоюы мүмкін. Бірақ куәгерлер немесе күдіктілер ретінде жауап алуға, құпия ақпаратты атауды талап етуге құқықтары жоқ. Сонымен бірге, олар мессенджерлер арқылы қызметтік құжаттарды жібере алмайды. Халықпен өзара іс-қимыл полицияның әкімшілік ғимараттарында жеке кездесу кезінде жүзеге асырылады. Кездесуге жазылған адамға алдын ала шақыру қағазы жіберіледі. Егер басқа біреулер сізге осындай мазмұндағы қоңырау соқса, әңгімені бірден үзген жөн. Кеңес алу үшін “102” арнасына хабарласуға болады. Банктен қоңырау шалынған жағдайда да дәл осылай әрекет ету керек. Қаржыға қатысты ақпаратты ресми арналар арқылы тексерген абзал, – дейді Айдос Ідірісов