Солтүстік Қазақстан облысында картон өндіретін зауыт салынады. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек инвестициялық жобалар бойынша онлайн-турда мәлімдеді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Дәурен Жандарбек зауыттың қуаттылығы жылына 10 мың тонна өнімді құрайтынын атап өтті. Инвестиция сомасы 7 млрд. теңгені құрап, 100 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады.
— Жақында «Радуга» компаниясы жылына бес мың тонна қағаз өнімдерін шығаратын фабриканы іске қосты. Кәсіпорын санитариялық-гигиеналық мақсаттағы бұйымдарды өндіру көлемі бойынша Қазақстанда екінші және еліміздің солтүстігіндегі ең ірі кәсіпорын болады. Картон өндірісінде макулатура пайдаланылатын болады. Осылайша, қағаз кластері құрылады, — деді Дәурен Жандарбек.
Оның айтуынша, зауыт импортты алмастыруға бағытталған. Қазақстан мен Ресейдің көршілес аймақтарына қағаз өнімдерін жеткізу жоспарланып отыр.