Петропавлда тропикалық көбелектер көрмесі өтіп жатыр. Келушілер көбелектердің дернәсілді жарып шыққан сәтіне де куә бола алады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Көрме ұйымдастырушыларының айтуынша, дүние жүзінде көбелектің 157 мыңнан астам түрі бар.
– «Белая рисовая бумага» көбелегінің қанаты өте өрнекті болып келеді. Бұл Отаны Қытайда махаббат пен отбасының нышаны саналады. Қытайлықтар бұл көбелек үйге кірсе, онда отбасы мүшелерінің қатары жақын арада толығады деп сенеді. Мұндай көбелекті жас жігіт өзінің сүйікті қызына, сондай-ақ, ата-аналар тойда жас жұбайларға сыйға тартады, — дейді көрменің экскурсоводы Максим Сарачинский.
Келушілер өз көздерімен көбелектердің дернәсілден шығып, қанаттарын алғаш рет жайған сәтін көре алады. Бұл ғажайып көрініс екі сағатқа созылады.
– Көрмеге инсектарий де қойылған. Ол жерде жәндіктердің дернәсілдері орналастырылған, яғни көбелектердің пайда болғанын бақылауға болады. Бірер күнде бұл жерде әлемдегі ең үлкен көбелек «Атакус атлас» дернәсілден босап шығады. Оның қанаттарының ұзындығы – 25-30 см, ал өмір сүру ұзақтығы 5-7 күн. Ғұмырының қысқа болуына оның дернәсілден босап шыққаннан кейін қоректенбеуі себеп, ол бұған дейін жинаған қорын пайдаланады. Негізгі міндеті – көбею. Жақсы жетілуі үшін инсектарийде тиімді температура мен ылғалдылық сақталады. Ылғалдылық 70 %, ауа температурасы 30 градус шамасында болуы тиіс, — дейді Максим Сарачинский.
Тропикалық көбелектер көрмесі Петропавлдағы тарихи өлкетану музейінде желтоқсанның 11-не дейін жұмыс істемек.