СҚО-да төтенше қауіпсіздік колониясында тұтқындар арасындағы кісі өлтіру фактісі салдарынан қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бастығы қызметінен босатылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
— Бірқатар бұзушылықтарға жол бергені үшін облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы қызметінен босатылды. Бүгін мен жаңа бастықты, дәлірек айтқанда, бастықтың міндетін атқарушы – генерал-майор Берік Сұлтанғазыұлы Біләловты таныстырамын, — деді ведомство басшысы Марат Ахметжанов.
Айта кетсек, бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы қызметін әділет полковнигі Рустан Ахметжанов атқарған. СҚО Айыртау ауданы Новокраинка ауылында орналасқан № 51 төтенше қауіпсіздік мекемесінде орын алған кісі өлтіру фактісіне байланысты ол қызметінен босатылды. Ресми ақпарат бойынша, бұл факт Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі (кісі өлтіру) бойынша тіркелген. Ұсталған адам Айыртау аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу әрекеттері жүргізілуде.