Бүгін әлемдегі перинаталды орталықтар күлгін түспен жарықтандырылады

Авторы: Qyzyljar News

Солтүстік Қазақстан облысындағы перинаталды орталық 31 жылда шала туған 2270 сәбиге күтім жасады. Тек биыл өңірде салмағы бір келіден асар-аспас 56 бала мерзімінен бұрын дүниеге келген, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.

17 қараша – Халықаралық шала туған балалар күні. СҚО перинаталды орталығы мамандарының пікірінше, бұл күнді атап өту қажет. Өйткені шала туған сәбилерді күтіп, қатарға қосудың қиындығы көп.

– Неліктен бұл күнді атап өтеді? Мақсат – жұртшылықтың назарын осы мәселеге аудару. Статистикаға сүйенсек, әлемде жыл сайын 15 млн бала шала туады екен. Бірақ соның үштен бірі ғана үш жасқа дейін жетеді. Ауруханадан шығарғаннан кейін де бұл балалар бақылауда болады. Біздің перинаталды орталықта 500 граммға дейінгі салмақта 3 бала өмірге келді. Екі қыз және ұл бала. Оларды аман алып қала алдық. Қазір олар 2,5 және 3 жаста. Аман-есен өсіп келеді, — дейді облыстық перинаталды орталықтың неонатология бөлімшесінің үйлестірушісі Наталья Салохина.

Петропавлдағы перинаталды орталық елімізде алғашқылардың бірі болып 1991 жылы ашылды. Қазір мұнда бірнеше бөлімше бар, соның бірі шала туған сәбилерге арналған. Мамандардың айтуынша, ашылғаннан бері жансақтау бөлімшесінде мерзімінен бұрын дүниеге келген 2270 бала ем алған. Соның ішінде 290 шақалақтың дене салмағы экстремалды кішкентай болған.

– Экстремалды дене салмағы деп – салмағы 1 кг дейінгі балаларды айтамыз. Олар анасының құрсағында жатып, әлі де дамуы керек еді, бірақ бір себептермен ерте дүниеге келгендер. Мұндай шақалақтар өздігінен дем ала алмайды. Мамандарымыз олардың жетілуіне қажет бар жағдайды жасайды, өкпені жасанды желдету аппаратына қосып, инкубаторға орналастырады. Ол жерде белгілі бір температура мен ылғалдылық болуы тиіс. Біздің дәрігерлер мен медбибілердің жұмысы оңай емес, олар күнделікті бұл көрсеткіштерді бақылап отырады, — дейді Наталья Салохина.

Биыл СҚО-да салмағы 1,5 келіге дейін салмақпен 56 сәби дүниеге келді.

– Баланың күні жетпей өмірге келуінің бірнеше себебі бар. Оның 30% ананың денсаулығына байланысты. Әйелде қан қысымы жоғары болса, созылмалы аурулары, қант диабеті болса ерте босануы мүмкін. Кейбірі екіқабат кезінде ауруға ұшырауы мүмкін. Өйткені әйелдің ағзасы жүктілік кезінде екі адам үшін жұмыс істейді, — Наталья Салохина.

Жалпы бұл күні әлемдегі барлық перинаталды орталық күлгін түспен жарықтандырылады. Бұл түс арнайы шала туған сәбилердің түсі ретінде таңдап алынған. Облыстық перинаталды орталық та бұл акцияға қосылмақ.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Аманжол Нұртазин, aman_nurtazin@mail.ru

Тілші:

Мадина Нуркина, +77057396494, Nurkinamad@mail.ru

SMM-менеджер:

Айжана Шайкенова,

+77782191267

nadyasaf070@gmail.com

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz