Облыс орталығында бокстан КСРО-ның халықаралық дәрежедегі спорт шебері Камиль Сафинді еске алуға арналған республикалық турнир басталды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Жарыстың ашылу салтанатына кезінде талай мықтының алдын ораған шаршы алаң шеберінің досы, Петропавлдың құрметті азаматы Бауыржан Құлжанов қатысты.
– Камиль Сафин өз өмірін боксқа арнады. Спортшы кезінде ол әлем кубогының иегері, Еуропа чемпионатының жүлдегері, КСРО халықтары спартакиадасының жеңімпазы болған. Ал спорттық мансабы аяқталғаннан кейін Камиль Масгутович бүгін бокс жекпе-жектерін өткізіп отырған спорт мектебін басқарды. Ол жас спортшыларға тамаша жол салып, оларды дайындады. Жастардың шеберлігін шыңдап, өзінің тәжірибесімен бөлісті. Сондықтан да осы турнир, қазақстандық боксшылардың жаңа буынын жаңа жеңістерге жетелеп, бірнеше жыл бойы атақты жерлесіміздің құрметіне өткізілуде,-деді Петропавл қаласының құрметті азаматы Бауыржан Құлжанов.
Дүбірлі додаға жергілікті спортшылармен қатар, еліміздің 7 облысынан келген 80 жеткіншек қатысып жатыр. Олар 13 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынайды. Облысымыздың намысын 16-17 жас аралығындағы 14 боксшы қорғап жатыр. КСРО-ның халықаралық дәрежедегі спорт шебері Камиль Сафинді еске алуға арналған республикалық турнир 5 күнге жалғаспақ. Жеңімпаз атанғандар 11-ші желтоқсан күні өтетін ел чемпионатына жолдама алады.