СҚО-да халықтың әлеуметтік осал топтарының үйлеріне улы газды анықтайтын қондырғы орнатылуда, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Брифингте төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Дмитрий Растихин маусым айынан бастап улы газды анықтайтын 1 078, түтінді анықтайтын 108 қондырғы орнатылғанын мәлімдеді. Тағы осындай 317 дабыл қондырғысын орнату жоспарлануда. Жылыту маусымының басталғасын өрт сөндірушілер жеке секторда профилактикалық жұмыстарды жандандырды. Полицейлер және еріктілермен бірге 80 мыңға жуық адам тұратын 33 мыңнан астам тұрғын үйді аралап шықты. Олар барлығына жадынамалар таратып, өрт қауіпсіздігі ережелерін еске салды.
— Жыл басынан бері облыста 595 өрт тіркеліп, 33 адам қаза тапты. Бұл ретте өрттің 74% — ы тұрғын үй секторына тиесілі. Олардың пайда болуының негізгі себептері электр жабдықтарын монтаждау және техникалық пайдалану, пештерді орнату және пайдалану кезіндегі өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу болып табылады, — деп түсіндірді Дмитрий Растихин.