Солтүстік Қазақстан облысында тұрғызылып жатқан 27 көпқабатты баспананың 62% — Петропавлдың үлесінде. Жаңа үйлер апатты деп танылған ескі ғимараттардың орнына салынып жатыр, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
СҚО әкімдігінің мәліметінше, 2017 жылдан бастап Петропавлда 1700 ескі және апаттық жағдайда тұрған үй бұзылып алынған. Оның орнына көпқабатты тұрғын үйлер және әлеуметтік нысандар тұрғызылып жатыр.
— Бұл жерлердің артықшылығы қажетті инженерлік инфрақұрылым бар. Бұл бюджет қаражатын үнемдеуге көмектеседі. Облыс орталығында негізінен Жас өркен, Орталық, Береке, Копай шағынаудандарында құрылыс жүріп жатыр. Мәселен Жас өркен шағынауданында бұзылған үйлердің орнына 3,5 мыңға жуық пәтері бар 25 көпқабатты үй салынды. Қазір бюджет есебінен 1125 пәтерлі 10 баспана салынып жатыр. Бұл ауданда ғана 816 ескі үй сүрілді, — дейді СҚО әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиев.
Орталық шағынауданында 120 ескі үйдің орнына 528 пәтерлі 6 үй салынды, тағы 342 пәтерлі үш үй салынып жатыр. Береке шағынауданында 117 ескі жеке тұрғын үй бұзылды. Жыл соңына дейін 600 пәтерлі 6 жалға берілетін баспана қолданысқа берілмек. Копай шағынауданында жоба бойынша 44,6 га-ға 2800 пәтерлік 27 көпқабатты үй салынбақ. Нәтижесінде 9800 адамның тұрғын үй жағдайы жақсарады.
— Қазір «Копай» шағынауданында тұрғызылатын 6 үй бойынша құрылыс ұйымдары анықталды. Іргетасы қаланып жатыр. 3 үй бойынша конкурстық рәсімдер жүргізіліп жатыр. Тағы 6 үй бойынша мемлекеттік сатып алу жариялау үшін құжаттары әзірленіп жатыр. Шағынауданды қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамту үшін бір жоба әзірленді. 4 млрд теңгеге 4,288 км су желісі, 2,5 км электр және 0,8 км жылумен қамту желісі салынбақ, — дейді Сәтжан Аблалиев.