Петропавлдағы қазақ күресі бойынша «Qyzyljar arlandary» клубының мүшесі Алтынбек Аусағитов Түркістан қаласында Қажымұқан Мұңайтпасовтың жүлдесіне арналған «Азия Кубогы» халықаралық турнирының чемпионы атанды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Алтынбек бәсі биік додада 90 килограм салмақ дәрежесінде белдесіп, алтыннан алқа тағынды. Жерлесіміз кілемде 5 белдесу өткізіп, барлығында да жеңіске жетті. Айта кетсек, «Олимпик арена» спорт кешенінде өтіп жатқан турнирге Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Қытайдан келген 235 спортшы қатысуда. Балуандар 55, 60, 66, 74, 82, 90, 100 және +100 килограм салмақта белдесуде. 22 қарашада басталған халықаралық дода бүгін өз мәресіне жетеді.