Петропавл полициясы жыл басынан бері мыңнан астам қаңғыбасты қабылдап-бөлу орталығына жеткізді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Үй-күйсіз, қаңғыбастықпен күн кешіп жүрген адамдар қылмыстың, құқық бұзушылықтың объектісі ғана болып қана қоймай, оқыс оқиғаға да тап болуы мүмкін. Күннің суытуына байланысты байланысты тәртіп сақшылары қаңғыбастарды арнайы орындарға жеткізуді қолға алды. Қыста тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдар кәріз құдықтарын, жылу трассаларының арасын, көппәтерлі үйлердің кіреберістерін паналайды.Бұндай санаттағы адамдардың түсініксіз сөйлеуіне ішімдік қана себеп емес, олар күнұзақ ашық аспан астында жүргендіктен, ауа райы қатты әсер етеді. Егер шұғыл медициналық көмекке мұқтаж болса “103” нөміріне қоңырау шалу қажет, ал олардың тарапынан құқық бұзушылық жасалған жағдайда “102” арнасына немесе полицияның қабылдау-тарату орнының кезекші бөліміне: 8 (7152) 52-92-99 телефоны бойынша жүгіну қажет.
Жылдың суық мезгілінде қаңғыбастарды жинау тобының міндеті – қылмыстардың алдын алу, хабар-ошарсыз кеткен адамдар мен қылмыскерлерді іздестіру ғана емес, оқыс оқиғаларға жол бермеу. Тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдар қаланың түрлі аудандарынан жиналып, жұмысшы кентіндегі 2629-шы шақырым мекенжайында орналасқан арнайы орынға жеткізіледі.
Петропавл қаласы ПБ қабылдап-бөлу мекемесінің бастығы Болат Баймақановтың ақпараты бойынша жыл басынан қалалық полицияға мыңнан астам қаңғыбас жеткізілген. Олардың барлығы криминалистикалық, жедел-анықтамалық есепке қойылып, аты-жөндерін, мәліметтерін іздеудегі қылмыскерлерге және хабар-ошарсыз кеткендерге қатысты ақпаратпен салыстырады. Қаңғыбастардың тарапынан, сондай-ақ оларға қатысты жасалатын қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу – полицияның сыртқы қызметтерінің тұрақты бақылауында. Күннің суытуына байланысты бұл жұмыс күшейтілді.