Нидерланды елінің Аруба аралында кроссфиттен әлем чемпионаты өтті. Петропавлдық Роман Джантлеев 40 жастан асқандар арасында 90 килограмм салмақ дәрежесінде сынға түсіп, әлем чемпионы атанды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Биылғы жарысқа 35-тен астам ел өкілдері қатысып, мықты деген 300-ден астам спортшы бақ сынады. Жарыстың бірінші күні спортшылар төзімділіктен сынға түсіп, жүгіру мен жүзуден өзара мықтыны анықтаса, екінші күні гимнастика жарыстары өткен.
– Бұл сайысқа жарты жыл бойы дайындалдым. Спорт залдан шықпайтынмын десем де болады. Өзім кроссфитпен 2014 жылдан бері айналысып келемін. 2020-шы жылы бұл спорт түрінен әлем чемпионатында жүлдегер атанған болатынмын. Бірақ, ол дода онлайн форматта өтті. Кейін өзіме көк туымызды желбіретіп, еліміздің намысын шетелде қорғаймын деп уәде бердім. — дейді кроссфиттен әлем чемпионы Роман Джантлеев.
Романның айтуынша, кроссфит – спорттың ең қызықты түрлерінің бірі. Себебі, басқаларына қарағанда ол өзінің әртүрлілігімен ерекшеленеді. Икемділік пен шыдамдылықты арттырады.
– Шет елдерде кроссфит федерациясы жақсы дамып келеді. Мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетіледі. Аталған спорт түрінің Өзбекстан, Еуропа мен Америкада келешегі зор. Қазақстанда кроссфитпен айналысамын деушілер көп, сол себепті, бұл спортқа мемлекет тарапынан қолдау қажет,-дейді спортшы.
Қазір уақытта Роман Джантлеев 2023 жылы Канадада өтетін әлем чемпионатына дайындалуда.