23-29 қараша аралығында Португалияның Вилли-Реал-де-Санто-Антонио қаласында IWAS-2022 мүмкіндігі шектеулі жандар арасында дүниежүзілік ойындары өтті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Жарысқа әлемнің 34 елінен 500-ден астам спортшы қатысты. Аталған додаға петропавлдық спортшы Александр Даськов бақ сынап күміс медаль жеңіп алды.»Үміт» мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубының жаттықтырушысы Руслан Далабаевтың айтуынша, IWAS Дүниежүзілік ойындары Олимпиада ойындары сияқты төрт жылда бір рет өтеді. Ойындар 2019 жылы Қытайда өтуі керек еді, бірақ пандемияға байланысты жыл сайын кейінге қалдырылды. Тек осы жылдың жазында Португалияда өткізу туралы шешім қабылданды.
— Тамыз айының соңынан бастап біз жарысқа қарқынды дайындала бастадық. Пауэрлифтингтен Қазақстан құрамасының сапында Қостанай облысы, Қызылорда және Петропавлдан келген спортшылар бар, — деді Руслан Далабаев.
Александр бұған дейін де 2019 жылғы әлем чемпионатына, 2021 жылы Тайландта өткен әлем кубогына қатысып, қола жүлдегер атанғанын айта кеткен жөн.Жалпы аталған додаға Қазақстан сапынан 27 спортшы бақ сынады. Нәтижесінде, ел қоржынына 14 алтын, 20 күміс және 20 қола медаль түсті.